Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Қазіргі таңда біз ауыртпашылығы ортақ ерекше жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Айтпай келген індет адамды да, қоғамды да өзгертті. Ең бастысы, бірлік пен өзара түсініскен тірліктің маңыздылығын көрсетті. Мұндай қиын шақта денсаулығын қатерге тігіп, халыққа аяндай еңбек етіп жүргендердің қатарында журналистер де бар. Осы орайда әрбір үйге, әрбір азаматқа шынайы ақпараттарды, елдегі жағдай мен ертеңгі жоспар туралы маңызды мағлұматтарды жеткізіп жүрген әріптестеріме зор ризашылығымды білдіргім келеді», - деді министр.
«Өзімнің және министрлік ұжымымның атынан барша әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймын. Расында да журналистика шығармашылық өрісті ғана емес, кәсіби өршілдік пен аса терең мәдениеттілікті, жан-жақты білімділік пен ішкі тәрбиелікті қатар талап ететін мамандық. Өйткені, ғұлама ғалыммен де, біртауар дарынмен де, қарапайым қауыммен де тең сөйлесіп, тамырын табу - екінің біріне бұйыра бермейтін дара қасиет, асқақ абырой. Өз басым осындай қасиет пен абыройды отандық журналистикамызды бүгінгідей тамаша биікке көтерген майталман аға буыннан бастап, осы күні ақпарат ағымымен алысқан әрбір тілшінің бойынан көремін. Көріп қана қоймай, сіздердің бар ерекше талғампаздықтарыңызды сезінемін. Сондықтан осындай талғамды қоғамда қалыптастырып, айналамызға адал ақпарат жеткізуге атсалысқан, ауыр да абыройлы еңбектеріңіз үшін алғысымды жеткіземін», - деді А.Балаева.