Енді әкімдер мен министрлердің жұмыс нәтижесі елге инвестиция тарту көрсеткішіне байланысты бағаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді әкімдер мен министрлердің жұмыс нәтижесі елге инвестиция тарту көрсеткішіне байланысты бағаланады

28.03.2019

Енді әкімдер мен министрлердің жұмыс нәтижесі елге инвестиция тарту көрсеткішіне байланысты бағаланады. Өңірге көп қаржы тартып, кәсіпкерлікке жол ашқан шенділердің қызметіне оң баға берілмек. Бүгінде инвесторлар кезігетін кедергілер көп.

Жер мен инфрақұрылым және түрлі рұқсат қағаздарды алуға байланысты бітпейтін әлек. Жергілікті әкімдіктерде бұл мәселенің шешу жолдарын іздеудің орнына қағазбастылыққа жол беріп отыр. Бұл туралы кеше Ақордада өткен келелі жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Мемлекет басшысы әкімдерге бұл түйіткілді тез арада шешуге тапсырма берді.

Елімізге тәуелсіздік алған жылдардан бері шетелден 400 млрд АҚШ долларына тең тікелей инвестиция тартылды. Бұл қаржы Қазақстанның экономикасын көтерді. Енді осы бағыттағы жұмысты жандандырып, көптеп инвестиция тартуды жалғастыру керек. осы тұрғыда орталық аппарат пен аймақтардағы жергілікті биліктің бірлескен, жүйелі жұмысы қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

Мәселені өз уақытында жедел шешудің орнына қағазбастылық пен әуре-сарсаң белең алған. Салдарынан инвестор ары да бері де сандалып, басқа елге кетіп қалады. Бұл тек шетелдік емес, өзіміздің отандық инвесторларға да қатысты. Әкімдер мен Үкімет  бұл мәселені шешу бойынша барлық іс-әрекетті жасап, жауапты қызметкерлер бойынша шешім шығаруы тиіс.

Шетелден қаржы тартуды бір жолға қою үшін  сырт мемлекеттердегі Қазақстанның елшілеріне құзырет беріліп, міндет жүктелді. Тікелей инвестициялар қоры құрылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ұлттық қордан оған 370 млрд теңге бөлінді. Енді ел ішіндегі  жұмысты күшейту қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

Президент әкімшілігіне қазіргі мемлекеттік мекемелерді бағалау жүйесіне тиісті өзгерістер енгізу қажет. Еліміздің стратегиялық және жобалық құжаттарын әзірлеуде жергілікті атқарушы мекемелердің рөлі мен жауапкершілігін арттыру керек.  Бұрын орталықтағы мемлекеттік мекемелер құжаттарды өңірлердің пікірін ескермей жасаған. Ал облыстар бұл тапсырмаларды орындауда жауапкершілікті толық сезінбей,  өз деңгейінде тиімді жұмыс атқармаған.

Қазіргі таңда Қазақстан негізгі 26 мемлекеттің инвесторларымен келіссөздер жүргізуде.  157 жоба. Құны 40 млрд АҚШ доллары.  Қазақстанға қаржы құюға барлық бақуатты мемлекет дәмелі.  Негізгі инвесторлардың қатарында Азия мен Еуропа және Солтүстік Америка елдері. Соңғы жылдары Түркия мен Катар елдерінің компаниялары да белсенділік танытуда. 

Марат Бірімжан, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Қазір барлық елдер инвестиция үшін күрес жүргізіп жатыр. Бәсекелестік өте жоғары. Дегенмен, Қазақстанға деген қызығушылық жоғары. Жергілікті жерлерде лицензия, инфрақұрылым мәселелері жұмыстың жедел жүруіне қол байлау болады. Бұл жерде әкімдердің көмегі өте қажет.

Ал өңірлер арасындағы көрсеткішке қарасақ  мұнайлы өңір Атырауға көп қаржы құйылған. Себебі, ірі инвесторлар осы мұнай-газ, химия өнеркәсібіне қаржы құйғанды жөн көреді. Одан кейін  Нұр-сұлтан қаласы мен Алматы қаласы. Үздік бестікке Алматы облысы мен Шымкент қаласы да кіріп отыр. Ал инвестиция тарту жағынан Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының көрсеткіші төмен. 

Ал, Қарағанды облысында былтыр инвестицияның өсім көлемі 21 пайызға артқан. Соның 85 пайызы жеке меншік пен халықаралық инвестиция көздерінен бөлінген  қаражат. Президенттің тапсырмасына орай жергілікті билік биыл да алдына үлкен мақсат қойып отыр.

Алмас Айдаров, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

Биыл да осы динамиканы сақтап отырмыз.  Қазірдің өзінде қаңтар мен ақпан айы бойынша екі есе инвестиция тарттық.  Осы трендті сақтау тырысамыз.

Былтыр елге жалпы көлемі 11 трлн  100 млрд  теңге инвестиция тартылған.  2017 жылмен салыстырғанда 17 пайызға көп.  Енді аталған жұмысқа облыс пен қала әкімдері, министрлер тікелей араласады.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу