Елімізде жедел жәрдем шақырту екі жарым есеге өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жедел жәрдем шақырту екі жарым есеге өскен

24.06.2020

Жедел жәрдемнің жұмысына байланысты бүгін арнайы баспасөз мәслихаты да өтті. Жауаптылар маусым айынан бастап елімізде жедел жәрдем станцияларына қоңырау шалатындар саны 4 есе, ал шақырту екі жарым есеге өскен дейді. Әсіресе, өткен аптада олар тәулігіне 22000-нан астам шақыртуға барған. 5 мыңнан астамы коронавирус белгілеріне қатысты шағымданып, 70 пайызы ауруханаға жатқызылыпты. Жүктеме көп. Сол себепті диспетчерлер көбейіп, консультациялық кеңес беретін колл орталық ашылған. Жалпы, биылғы бес айда жедел жәрдем 3 млннан астам адамға көмек көрсетті. Елімізде 18 жедел медициналық станция, 87 қалалық кіші станция, 288 аудандық жедел жәрдем бөлімшесі бар. Күн сайын 1400-дей медициналық көмек бригадасы жұмысқа шығады. Республика бойынша 2000-ға жуық санитария автокөлігі бар. Биыл тағы 800 ден астам көлік сатып алу жоспарланып отыр. Арнайы алгоритмге сәйкес мамандар 4 категория бойынша қызмет көрсетеді. Мәселен, коронавирусқа күдікті адамның жағдайы ауыр болса, бригада он бес минутта жетуі тиіс. Ал пациент өміріне қауіп төнбесе, бір сағаттта ішінде келеді.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу