Президенттің қатысуымен «Біз біргеміз» атты онлайн форум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің қатысуымен «Біз біргеміз» атты онлайн форум өтті

23.06.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрт айдан бері төтеннен келген қауіпті вируспен күресіп жүрген жандарға алғысын айтты. Мемлекет басшысының бастамасымен еліміз бойынша үш жүзден астам дәрігер, полицей, білім және әлеуметтік салада көзге түскен адамдар «Халық алғысы» медаліне ие болды. Онлайн форматта өткен «Біз біргеміз» форумында Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиямен күреске де өз бағасын берді. «Қазақстанда 100 мың азаматқа 80 науқас келеді. Бұл жаман емес, бірақ жақсы деп те айтуға келмейді», - деген президент халықты қауіпсіздік қағидаларын ұстануға шақырды.

Президент алғысы мен халық батасына бөленген әртүрлі сала мамандары бұл сын сағат өздері үшін де, жақындары үшін де оңай болмағанын жасырмады. Мәселен, Петропавлдық полицей Стансилав Олиференко ТЖ жарияланғалы қауіпсіздік үшін жауап берсе, оның жары ауруханада әр науқастың өмірі үшін күресіп келеді.

Міне, осындай қиын-қыстау уақытта аянбай еңбек еткен азаматтарға президент жаңа мемлекеттік марапат беруді ұйғарды. Бір мезетте онлайн форматта еліміздің түкпір-түкпірінде 343 азамат «Халық алғысы» медаліне ие болды. Олардың ішінде 60 дәрігер, 39 полицей, 30 әскери қызметкер, 41 волонтер, 34 меценат бар. Марапаттан мәдениет, білім және БАҚ өкілдері де құр қалмады.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу