Бүгін елімізде Ұлттық бірыңғай тест басталды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, ҰБТ биыл 21 маусым мен 5 шілде аралығында 161 пунктте өтеді. Аудиториядағы адам саны 2 есеге қысқарады. Барлық аудиториядан онлайн трансляция жүргізіледі.
ҰБТ-ның алғашқы күні 161 пунктің 51-і ғана жұмыс істейді. Оның 44-і ауылдық жерлерде орналасқан. Орташа есеппен бір ҰБТ тапсыру пунктіне 120 адамнан келеді.
Бүгін емтиханды тек 6,5 мың талапкер тапсырады. ҰБТ өткізілетін әрбір пункте медициналық-санитарлық талаптар:дезинфекциялық тоннельден өту,арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімдерді зарарсыздандыру,дене қызуын өлшеу, қолды зарарсыздандыру сұйықтығымен өңдеу,медициналық маскалар беру.Сонымен қатар, биыл тест тапсырушыларға алғаш рет калькулятор пайдалануға рұқсат берілді.
Тестілеу уақыты 4 сағатқа дейін ұзартылды.
Айта кетейік, биыл ҰБТ-ны 131 755 адам тапсырады. Осы жылы ҰБТ форматына өзгеріс енгізілген жоқ. Түлектер 5 пәннен тест тапсырады: үш міндетті және екі бейіндік пән. Барлық тест тапсырмасының саны - 120, максималды балл - 140.