Осыдан бес жыл бұрын біз бұл елге 1 миллион тоннадай астық сатқан едік. Алайда, әлемдік нарықтағы ахуалдар мен бидай бағасының өзгеріп отыруынан бұл көрсеткіш былтыр 300 мың тоннаға дейін түсіп кетті. Екі ел Президенттері соңғы кездесуінде Үкімет басшыларына сауда айналымын жарты миллиард АҚШ долларына дейін жеткізуді тапсырған. Қазір бұл көрсеткіш 220 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл тапсырма қалай жүзеге асып жатыр?
Қазақстан мен Әзірбайжанның құрылымы ұқсас. Экономиканың басым бөлігі - мұнай мен газ. Сондықтан да экспорт пен импорттың 90 пайызы шикізат саласында. Әріптестік негізгі үш бағытты қамтиды. Ол көлік тасымалы мен логистика, астық саудасы және мұнай-газ саласы. Бауырлас екі ел арқылы Қытайдан Еуропаға тауарды жылдам жеткізуге болады.
Бұл - ежелгі Жібек жолының желісі. Ақтаумен Құрық порты арқылы Бакуге, одан әрі Еуропаға тауар тасу. Құрлыққа қарағанда теңіз арқылы жол мен шығын бірнеше есе қысқарады. Қазір жаңартылған Ақтау портының әлеуеті 2,5 есеге артса, жаңа құрық порты арқылы 7 миллион тонна тасымалдауға болады.
Талех Зиядов, Баку халықаралық теңіз сауда портының бас директоры:
- Қазақстансыз Қытаймен Еуропаны байланыстыру мүмкін емес. Соңғы 15 жылда Қазақстан порттарға келетін теміржолды реттеді. Шығыс пен батысты қосатын көлік дәлізін салды. Қазір Қытайдан шыққан тауар Бакуге 6 күнде келеді. Бұл біз үшін де тиімді. Біз Бакуден арнайы экономикалық аймақ ашып, келген тауарларды өңдеп, сату мәселесін қарастырудамыз.
Екіжақты саудадағы тағы бір сала - бидай экспорты. Былтыр тараптар өзара тарифті төмендетіп, Қазақстаннан 300 мың тонна бидай сатып алған. Биыл да бұл көрсеткішті 800 мың тоннаға жеткізу межесі бар. Қазақстаннан дайын өнімді экспорттау саласында да жобалар жоқ емес.
Сондай-ақ, болашақта Қазақстан мен Әзірбайжан әріптестік арқылы сұйытылған табиғи газды Каспий арқылы Еуропаға тасымалдайтын болады. Бұдан бөлек, Маңғыстау облысынан артылған 400 мегаватт энергияны теңіздің табынымен Бакуге жеткізу жобасы есептелуде.
Қазақстан мен Әзірбайжан Президенттері екі ел үкіметіне арадағы алыс-беріс сауда-саттық көлемін 2020 жылға дейін 2,5 есеге арттыруды тапсырған. Осы ретте биыл жыл соңына дейін Бакуде «Қазақ экспорт» ұлттық компаниясының бөлімшесі ашылмақ.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ