Ресейдің Свердлов облысы Қазақстанмен арадағы сауда-саттықты арттырмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Свердлов облысы Қазақстанмен арадағы сауда-саттықты арттырмақ

25.02.2019

Шағын және орта бизнестің арасындағы әріптестікті де арттыруға мүмкіндік мол. Осы мақсатты көздеген Қазақстанның Қазан қаласындағы Бас консулы мен сауда өкілдігінің қызметкерлері, Екатеринбург қаласына арнайы барып, жергілікті билік және бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізді.

Ресей бойынша біздің елмен арадағы барыс-келісі көп, алыс-берісі мол өңірдің бірі - Свердлов облысы. Өткен жылдың өзінде өзара сауда-саттықтың мөлшері 23 пайызға артып, 1,5 миллиард долларға жетті. Екатеринбург қаласына арнайы сапармен барған қазақ делегациясы түрлі келіссөздер жүргізіп, осы көрсеткіштерді еселеп арттыру жайын талқылады.

Валерий Козлов, Свердлов облысының халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар жөніндегі министрі:

- Қазақстан - біз үшін ең маңызды сауда әріптестеріміздің бірі. Біздің экономикалық және гуманитарлық байланыстарымыз жылдан-жылға нығайып келеді. Қазір өзара тауар алмасу көрсеткіштері бойынша, Свердлов облысы үшін Қазақстан Қытайдан кейінгі екінші орында тұр. Біз бұл ынтымақтастықты алдағы уақытта да арттыруға мүдделіміз.

Свердлов облысының Қазақстанмен арадағы әріптестігі қазба байлықтар, ауыл шаруашылығы, машина құрастыру саласы бойынша дамып келеді. Енді тараптар өзге де секторлар бойынша ынтымақтастықты арттырғалы отыр. Мәселен, Орал сауда-өнеркәсіп палатасында өткен кездесуде жергілікті кәсіпкерлер медицина, қызмет көрсету және коммуналдық шаруашылық саласында бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендерін айтты.

Еркін Тұқымов, Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы:

- Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі - қазір экспортты қолдау, инвестиция бойынша негізгі жауапты министрлік. Сол үшін мен осы жерде осындай іссапар атқардым. Аймақтың кең мүмкіндіктерін зерттеп, қарап, бірлескен қызметті одан әрі жалғастыру жөнінде бастама көтердім.

Қазақстанның Қазандағы Бас консулы мен сауда өкілдігінің қызметкерлері, Екатеринбургтегі бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен де танысты. Сосын тараптар келешекте, дәл осы шағын жән орта бизнес саласындағы екі елдің іскер азаматтарын таныстыру үшін арнайы форум өткізуге уағдаласты.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу