Парламент Денсаулық кодексіне енгізілген өзгертулерді қабылдап, Президентке қол қоюға жіберді. Аталған заң бойынша, дәрігерлерге қатысты қылмыстық қудалау тәжірибесі қайта қаралмақ. Яғни, жауапкершілік жеңілдей түспек.
Жаңа заң бойынша, дәрігер жасаған заң бұзушылықтар бойынша қылмыстық іс қозғау қиындай түсті. Ол үшін арыз-шағымға тексерулердің актісін қоса ұсыну қажет. Сондай-ақ емдеудің, диагноз қою мен сауықтыру шараларының жаңа әдіс-тәсілдерін пайдаланған дәрігер қателік жіберсе, қылмыстық жазаға тартылмайды. Тек әкімшілік жауапкершілікпен құтылады. Немесе дипломы мен лицензиясынан айрылады.
Жалпы, биыл елімізде ақ халаттылардың қателігі немесе салғырттығына байланысты, азаматтардың өтініштері бойынша 511 жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 2 миллион 700 мың теңгеге 82 әкімшілік жаза қолданылды. Сондай-ақ, медқызметкерлердің ісіне баға беру үшін, процессуалдық шешім қабылдау үшін 126 материал құқық қорғау органдарына жолданды. Бүгінде оның 29-на қатысты қылмыстық іс жүргізілуде.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ