Құжаты бар, пәтері жоқ. Ақтөбеде мемлекеттік бағдарламамен жаңадан салынған көпқабатты екі үйдің тұрғындары сегіз айдан бері заңды баспаналарына кіре алмай жүр. Алайда, үйлерге инженерлік желілер толық тартылмаған. «Қолданысқа берілмеген үй үшін банкке несие төлеуге мәжбүрміз»,- дейді тұрғындар.
Мұндағы әр үйде 24 пәтерден бар. Іргелес орналасқан екінші үйдің тұрғындары болса, тіпті, қолдарына кілттерін де алмаған. Алайда, олар да қазірден бастап несие төлеуі тиіс. Көбі алыс елді мекендерден келгендіктен, пәтер жағалауға мәжбүр.
Жергілікті билік өкілдері нысанның уақытында берілмеуінің бірнеше себебі барын айтады. Егер оған мердігер мекеме кінәлі болса, жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды.
Жауапты мекеме өкілдері алдағы 20 күн ішінде мәселе толық шешіледі деп уәделерін берді. Бірақ көңілі алаң тұрғындар жергілікті атқамінерлердің сөзіне күмәнмен қарайды.
Жақсыбек КЕМАЛ