Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара бекетінде жүк көліктері бір айдан бері қаңтарылып тұр. Олар «Нұр жолы» өткізу бекетінен Қытайға жете алар емес. Өйткені, көрші ел сақтану шараларын ширатты. Ал кептеліс кесірінен жүргізушілердің ішер астары таусылған. Соңғы қалған тамақтарды талғажау етіп жүр. Бұрын көліктер ары-бері еркін өтіп жүрсе, қазір шектеу көп. Біздің елде індет өршіген соң көрші ел талапты күшейтіп отыр. Бірақ, ешкімнің көмек көрсетпей отырғанына көлік иелері өкпелі. Бұл мәселені жауапты орган біледі. Түйткілді тарқату үшін келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Дегенмен, мәселе нақты қашан шешілетінін ешкім дөп басып айтпады. Демек, шекарада қаңтарылған көліктер шілденің шіліңгір ыстығында да жылжулары екіталай.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ