Денис Тен көзі тірі болғанда 27 жасқа толар еді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денис Тен көзі тірі болғанда 27 жасқа толар еді

14.06.2020

Талантты споршы Денис Тен көзі тірі болғанда кеше 27 жасқа толар еді... Ол қысқа ғана ғұмырында мәнерлеп сырғанаудан әлемнің бірнеше дүркін жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері. Оған қазақтың «Мың болғыр жігіт екен!» деп көңілі толып айтатын мақтау сөзі дәл келеді. Ол шыр көбелек айналып билейтін бильман деген қиын элементті ерлер арасында өте шебер орындайтын санаулы спортшының бірі еді. Ал оның адамгершілігі, ішкі жан дүниесінің тазалығы, толық адам болуға ұмтылысы туралы білетіндер сағаттап айта алады. Осыдан екі жыл бұрын автокөлігінің айнасын ұрламақ болған қаскөйлердің қолынан қаза тапты. Небары 25 жасында мәнерлеп сырғанаудын хас шебері мәңгілік сапарға аттанған еді.

Денис Теннің әлеуметтік желідегі парағын қайта парақтағандар оның «есіктің арғы жағында не барын ешкім білмейді, егер есікті ашпаса» дегенін тауып жазды. Сұңғыла, ерек жігіттің бейнесі көмескіленбейді.


Хабарламаларға жазылу