Ақтөбе облысында дауылдан әлеуметтік нысандардың шатыры ұшты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында дауылдан әлеуметтік нысандардың шатыры ұшты

12.06.2020

Дауыл астында қалған ауыл! Ақтөбе облысы Темір ауданының орталығында бүгін таңертең дүлей дауыл соғып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің шатырын ұшырып әкетті. Темір жол бойындағы бағандар құлап, пойыздардың қозғалысына кедергі келтірді. Ең бастысы – адамдар аман. Қазір жергілікті билік шығын көлемін есептеп жатыр.

Дауылдың күшті болғаны соншалық темір жол бойындағы 8 электр бағанын құлатқан. Ауыл тұрғындарының айтуынша, тал-теректер де опырылып құлаған. 2 қабатты тұрғын үйдің, аудандық емхана мен мектептің шатыры ұшып кеткен. 216 үй жарықсыз, 400-ден астамы байланыссыз қалды. Тағы бірнеше үйдің газ желілеріне зақым келген. Алайда, жауапты мекемелер инженерлік желілерді түске дейін қалпына келтіріп үлгерді. Тегіс жарық берілді.

Қазір аудан орталығында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Жергіліктібилік үйлеріне зақым келген тұрғындарға көмек көрсетуге уәде берді.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу