Індеттің өршу қаупінен сескенген Еуропалық Одақ елдері де Шенген аймағын ашуға асығар емес. Қарт құрлық мемлекеттері 15 маусымнан бастап ішкі шекараны ашып, эпидахуалды бақылайды. Соңғы күндері қарт құрлықта індет жұқтырушылардың қатары азайғанмен, қауіп сейілген жоқ. Бельгия үкіметі де халыққа қауіпсіздік ережелерін сақтауды әлсін-әлсін ескертіп жатыр.
Бельгияда коронавирусты 59 мыңнан астам адам жұқтырып, індеттен 10 мыңға жуық адам қайтыс болды. Ауруханаға, реанимацияға түсушілердің қатары азайғанмен, үкімет халыққа сақтық шараларын бұлжытпай орындау қажеттігін ескертіп жатыр. Себебі вирус жұқтыру қаупі әлі сейілген жоқ. Сондықтан қоғамдық көлікке маскасыз мініп, тәртіпке бағынбағандарға 250 евро, бізше 118 мың теңге айыппұл салынуда. Бүгіннен бастап мейрамханалар қатаң талаппен қайта ашылды. Даяшылар бетперде, қолғап киюге, ал келушілер үстелге алдын-ала тапсырыс беруге міндетті. Үйде, саябақтарда 10 адамнан артық жиналуға болмайды.
Нұрсұлу ҚАСЫМ