Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде асыл тұқымды малдың генетикалық сертификаты болуы міндетті. Алдағы уақытқа жоспарланған шара төрт түліктің арасындағы ауруды азайту мақсатында қолға алынып отыр. Сондай-ақ асыл тұқымды малды тіркеудің бірыңғай жүйесі енгізіледі .
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы алыс-беріс артып келеді. Әсіресе, ақ бас сиырға сұраныс жоғары. Былтыр 12 мың сиыр сырттан әкелінсе, 11 мыңдай қазақстандық бренд өзге елдерге сатылған. Бірақ мамандар соңғы уақытта асыл тұқымды малдың шежіресін жоғалтып алдық дейді. Ұрпақ қалдыратын бұқалар аз.
Асыл тұқымды түліктің тегі мен тұқымы туралы барлық ақпарат енді молекулярлық-генетикалық сараптама арқылы анықталады. Еуразиялық экономикалық комиссия арнайы ереже бекітті.
Әр түлікке терең сараптама жасалса, өнімділікті артыруға және шала туу жағдайларын азайтуға болады дейді мамандар. Ал сараптама жүргізуге тек заңды тіркелген зертханалардың мүмкіндігі бар.
Сараптама бағасы қымбат емес екенін айтады мамандар. Сондықтан ол малды сату құнына әсер етпейді.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ