Шалғай ауылдарды интернетпен қамтуға қатысты заң жобасы қабылданды

03.06.2020

Бүгін депутаттар шетел валютасында ипотека алғандардың қамын күйттейтін заң жобасын бекітті.

Мәжілістің күн тәртібі әдеттегідей маңызды заң жобаларына толы. Депутаттар алдымен ерекше қорғалатын табиғи жерлерге қатысты заң жобасын мақұлдады.

Шалғай ауылдарды интернетпен қамтуға қатысты заң жобасы да бірінші оқылымда қабылданды. Маңызды құжатқа сай, 2 жыл ішінде 2 мың ауылға жоғары жылдамды интернет жеткізілуі тиіс. Сөйтіп, Қазақстан аумағын ғаламтормен қамту көрсеткіші 97 пайызға жетпек.

Аудиторлардың қызметін жетілдіруге қатысты заң жобасы да қызу талқыға түсті. Қазір бұл қызмет ақсап тұр. Тіпті аудиторлық тексерудің әділ жүруіне қатысты халықаралық рейтингте еліміз 50 орынға төмендеген. Көрсеткішті арттыру үшін мемклекеттік аудиторлардан гөрі, тәуелсіз тексерушілерді көбейту керектігін айтты мәжілістегілер.

Депутаттар 2016 жылға дейін шетел валютасында ипотека алғандардың қамын күйттейтін заң жобасын да бекітті. Теңге девальвацияға ұшырап, доллар шарықтағанда халыққа ауыртпалық түскен. Осындай 13 мың адамның қазір 7 мыңының ғана несиесі қайта конвертацияланып, жаңа курспен бекітілген. Қағандарына қол ұшын созуға банктер асығар емес. Енді жаңа құжат бұл істі бір жақты қылуы тиіс.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу