2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы келер жылы аяқталады. Елбасы тапсырмасы бойынша 2020 жылға дейін 7 мың шақырым жол төселіп бітуі керек еді. Өткен төрт жылда жауаптылар жүктелген міндетті орындай алды ма? Сапа қандай?
Бағдарлама аясында өткен 3 жылда 5 мың шақырымнан астам жолға құрылыс жұмыстары жүргізілді. Шамамен 2 мың шақырымда қозғалыс ашылды. Оның жұмыстарына 80 мың адам тартылған. Ал, биыл 500 шақырым жолда құрылыс жүріп жатыр. Жыл соңына дейін оның 239 шақырымы салынып бітпек. Сапада мін болмауы қажет. Бағдарлама Мемлекет басшысының басты назарында.
«Автокөлік жолы, теміржол болашақ ұрпақ үшін салынып жатыр. Қазақстанның барлық жерінде тоқтамастан жол салынуда. Астанадан тарайтын сәуле сияқты жан-жаққа шығатын сапалы жол болады. Сондықтан, бұл жолдардың сапасына үлкен көңіл бөлу керек».
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар-Қандыағаш. Бұл аралықтағы жұмыс 2020 жылы басталса, Қандығаштан әрі қарайғы Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағыты бойынша жұмыс қызу. Жоба іске асса, еліміздің батыс өңірі үшін орталықпен тікелей қатынас орнайтын болады. 905 шақырымдық Астана – Павлодар-Семей-Өскемен жолы да маңызды. Оның 404 шақырымы пайдалануға берілсе, қалғанында жұмыс жалғасып жатыр. Бұл бағыттағы басты олжа құрылысы орта жолда тоқтаған Астана-Павлодар тасжолының биыл толығымен қолданысқа берілуі.
Арман Қайырбеков, «Қазавтожол» ҰК АҚ бас инженері:
Қазір ирандық мекемемен келісімшарт бұзылды. Оның орнына басқа мердігерлер жұмыс істеп жатыр. Осы жолдың соңына дейін Астана мен Павлодардың арасына толық қуатта қозғалыс енгізіледі.
Қазір Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай учаскесінде құрылыс жүріп жатыр. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал, ұзақтығы 888 шақырымдық Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал-Құрты жолы келесі жылы халықаралық банктің қарызы есебінен бастау алады. Ал, төрт жолақты Астана-Алматы күрежолы 2023 жылы аяқталады. Жыр болған Жезқазған-Қызылорда жолы да шешімін табатын болды.
Амангелді Беков, ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:
Республикалық бюджеттен 800 млн. теңге көздеп отырмыз . Келесі жылы жобалық-сметалық құжаттарын дайындаймыз. Айта кету керек, бұл жерде Еуропалық және Азия даму банкі де қаржы беруге келісім беріп отыр. Осыған қарап, 2020 жылы құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарлап отырмыз.
Бағдарламаның мерзімі келер жылы аяқталады. Алайда, биылғы Жолдауында бастаманың халыққа тигізген пайдасын айтқан Елбасы Үкіметке «Нұрлы жол» бағдарламасын ұзартуды тапсырды. Екінші кезең 2020-2025 жылдар аралығын қамтиды. Ол бойынша 12 мың шақырым жол жөнделмек.
Досымжан ЕРМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.