Қоғамда наразылық тудырған америкалық Джордж Флойдтың өлім себебі анықталды. Сот-медициналық сараптама қорытындысында ол буындыру нәтижесінде қайтыс болған деп көрсетілген. Ал полицейдің қылмысы «кісі өлтіру» болып бағаланып отыр.
46 жастағы жігіттің өлімінен кейін АҚШ-та қарсылық шарасы басталды. Бейбіт басталған шерудің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Демонстранттар көшелер мен көліктерге өрт қойып, полицейлерге шабуыл жасап, дүкендерді тонауда.
Қазір наразылық шарасы АҚШ-тың 75 қаласында, сондай-ақ Еуропа елдерінде де өтіп жатыр. Лондон мен Берлиндегі АҚШ елшілінің алдына мыңдаған адам жиналған. Олар «Джордж Флойдтың ісін әділ қарауды талап етеміз», «Бізді өлтіру доғарылсын!», «Енді кімнің мойнын аяқпен басасыңдар?» деген жазуы бар баннерлерді ұстап тұрды.
Құрама штаттардың бірнеше қаласында коменданттық сағат енгізілді. Алайда соған қарамастан қақтығыстар тоқтамай тұр. Соңғы үш тәулікте шеру кезінде 1669 адам ұсталған.
bbc.com