Түркияда 1 маусымнан бастап карантин алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда 1 маусымнан бастап карантин алынды

29.05.2020

Әлемнің бірқатар елдері карантин талаптарын жеңілдете бастады. Мәселен, Түркияда бірінші маусымнан бастап барлық дерлік карантиндік шектеулер алынып тасталмақ. Кәсіпорындар қалыпты жұмыс тәртібіне көшіп, қоғамдық тамақтану орындары ашылмақ.

Түркияда дүйсенбіден бастап өмір қалыпты арнаға түспек. Үкімет мүшелерімен арнайы онлайн жиын өткізген ел Президенті Режеп Тайып Ердоған бұған дейін мереке күндері және әр сенбі-жексенбі болып келген коменданттық сағат бірінші маусымнан бастап болмайтынын айтты. Сондай-ақ осыдан екі ай бұрын тоқтатылған елдің барлық үлкен қалалары арасындағы қарым-қатынас қайта жанданады деді. Халыққа арнайы бейне үндеу жолдаған Түркия президенті сақтық шаралары қатаң сақталуы тиістігін де ескертті. Қазір сол үндеуден үзінді естиік.

Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану орындары, жағажайлар мен бассейндер, балабақшалар мен кітапханалар да жұмысқа кіріседі. Сондай-ақ бүгін екі айдан бері ел мешіттерінде бірінші рет жұма намазы оқылды. Ал ішкі ұшақ рейстері 4 маусымнан, шетелдік рейстер 10- маусымнан басталмақ. Менің айтар ақпаратым осындай.

Айдос ӘШІМҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу