Еуропаның бірнеше мемлекеті өзге ел азаматтарына шекараларын ашуға дайын. Алайда қазіргі сәтте бұл жеңілдіктер тек «кәрі құрлықта» орналасқан мемлекеттерге ғана бағытталуда. Оның үстіне Еуропа Одағына кірмейтін елдермен халықаралық әуе рейстері де толығымен қалпына келген жоқ.
Ең алғаш көршілес мемлекеттерге шекарасын ашқан Балтық жағалауы елдері. Литва, Латвия, Эстония мемлекеттері 15 мамырдан бастап бір-біріне толықтай ашық. Бірақ Литвада карантин режимі 16 маусымға дейін ұзартылған. Бұл елге келгендер міндетті түрде тексерістен өтуі тиіс. Ал Чехия маусымның басында көршілес жатқан Польша, Словакия, Австрия және Германиямен жолдарды ашуға үміттеніп отыр.
Черногорияның премьер-министрі Душко Маркович жақын арада коронавируспен сәтті күресіп жүрген елдермен туристік қарым-қатынасты орнататынын айтты. Ең алғашқы мемлекеттер қатарында Хорватия, Словения, Австрия, Германия, Польша, Чехия және Венгрия бар. Премьер-министрдің айтуынша, туристерге арналған басты эпидемиологиялық критерий елдерінде коронавирус жұқтырғандар 100 мың адамға шаққанда 25 науқастан аспауы тиіс.
Пандемия кезінде де Еуропада шекарасы ашық тек Ұлыбритания болды. Алайда елге келген туристер міндетті түрде 14 күндік карантинде оқшаулануы тиіс.
TUT.BY