Экономиканы несиелендіруге банктерге 600 млрд теңге бөлінеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экономиканы несиелендіруге банктерге 600 млрд теңге бөлінеді

31.10.2018

Банктерге 600 млрд. теңге бөлінеді. Бұл қаражаттың жартысы Ұлттық банктен, ал, қалған 50 пайызы зейнетақы қорынан алынады. Аталған қаржы экономиканы несиелендіруге жұмсалмақ.  Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында айтылды. Депутаттар алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын бекітті. Байыппен пайымдап, сақадай салмақтаған олар Үкімет мүшелеріне әр тиынның да ысырап болмау керектігін ескертті. Үшауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді жою, алғашқы медициналық көмекті қолжетімді ету, сапалы инфрақұрылым. Бюджетті қарау кезінде осыған ерекше назар аударылды.

Тұрсынай Қойлыбайқызы бюджеттік сала қызметкері. Президенттің Жолдауын мұқият тыңдаған ол ең төменгі жалақының көтерілетінін естіп, қуанып жүр.

Алдағы үш жылға арналған бюджет жобасы Президенттің Жолдауда берген тапсырмаларын орындауға бағытталған. Құжатты қорғау үшін Премьер-министр бастаған Үкімет мүшелері тайлы-тұяғы қалмай бәрі жиналды. Ұсынылған заң жобасы депутаттық корпус пен Үкімет мүшелерінің бірлескен жұмысының жемісі.

Келер жылы бюджет кірісі 6 трлн. 810 млрд. теңге болады деп көзделіп отыр. Бұл биылғы жылмен салыстырғанда шамамен 900 млрд. теңгеге көп.

Индира Бегайдар,тілші:

- Президенттің Жолдауын орындау үшін әлеуметтік блок шығыстары 107 млрд. теңгеге ұлғайтылды. Үш жылдық бюджет арқылы шұрық-тесік жолдар жөнделіп, мектептердің санын арттыру көзделіп отыр. Қазақстандықтар сапалы және қолжетімді баспанамен қамтамасыз етілуі тиіс. Үш жылда мектептерді салу 50 млрд. теңгеге ұлғаяды.

2020 жылы кірістер 7 трлн. теңгеден асса, 2021 жылы 8 трлн. теңгеге жетуі мүмкін. Ал, шығыс көлемі 2019 жылы 10 трлн. 700 млрд. теңгеден асып отыр. Оның 327 млрд. теңгесі жуырда жарияланған Президенттің халыққа Жолдауындағы міндеттерін іске асыруға жұмсалады.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бюджеттің шығыстарын жоспарлау Мемлекет басшысы айтып жүрген екі маңызды мақсатқа негізделуі тиіс. Ол экономиканы диверсификациялау, ғылыми өндірістік әлеуетті күшейту. Әлеуметтік стандарттарды арттыру.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында инвестиция игілігі туралы айтты. Біз қор барлық инвестжобаларға бақылау жасап, ортақ жүйеге келтіру керек деп есептейміз. Ал, бұл бюджет жобасы біздің отандастарымыздың өмір сүру сапасын арттыратыны белгілі.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының Жолдауын және «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру үшін үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасында 2,4 трлн. теңге қарастырылған, оның 817 млрд. теңгесі 2019 жылға жоспарланған. Ішкі істер министрлігінің жұмысын реформалау да Президент тапсырмаларының бірі.

Мәжіліс аталған тапсырмаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстарын одан әрі жалғастыратын болады. Сондай-ақ, депутаттар Президент Жолдауда айтқан тапсырмаларға сәйкес, заң жобаларын дер кезінде жүзеге асыру керектігіне тоқталды. Бұл бірінші кезекте әлеуметтік стандарт пен кепілдендіру туралы және мұғалім мәртебесі туралы заң жобалары. Кеміміз толып, кетігіміз бүтінделіп мемлекет қаржысы халықтың тұрмысын түзеуі тиіс.

 

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу