Атыраудағы Теңіз кен орны жабылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы Теңіз кен орны жабылуы мүмкін

20.05.2020

Атыраудағы осы Теңіз кен орны жабылуы мүмкін. Қазір онда вирус жұқтырғандардың саны 935 адамға жетті. Бұл туралы бүгін Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова мәлімдеді. Кен орнында індеттің таралуы өсіп жатыр. Ауруды азайту үшін жұмыс жоспары мен кестесі қабылданды. Бірақ жағдай ушықса кәсіпорын жабылады. Жалпы, елде жабық ұжымдарда вирусты жұқтыру фактілері көбейіп отыр. Шымкенттегі «ПетроҚазақстан» компаниясында 101 адам, Қарағанды облысындағы «Қазақмыс» шахтасында 34 жағдай тіркелді.

Соңғы аптада елде коронавирусты жұқтырғандар саны 15%-ға артқан. Мұның негізгі себебінің бірі - халық әлі де бейғам. Қарапайым ережелерді елемейді. Салдарынан ауызашарға шақырғандар мен туған күн жасағандардан індет көп анықталған. Сатушылардан да күн сайын вирус табылып жатыр. Өйткені талап сақталмайды. Елордада тексерілген 358 нысанның 85%-ы санитарлық норманы сақтамаған. Ал тәртіпке бағынбай, жағдайды ушықтырып жатқан мекемелер айыппұл арқалап, тіпті кейбірі қайтадан жабылып жатыр.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу