Көлікке қатысты тағы бір ақпарат. Шетелден келетін жүк көліктеріне навигациялық пломба орнатылуы мүмкін. Себебі Қазақстан арқылы өзге елдерге тауар тасимыз деп, қосымша құн салығынан жалтарғандар көбейген. Мәселен, тек өткен жылы 11 мың көлік өзге елдерге бармай-ақ Қазақстанда тауар сатқан. Осы мәселеге алаңдаған Мәжіліс депутаттары халықаралық автомобиль тасымалын қадағалау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Енді транзиттік жүк көліктеріне навигациялық пломба орнату ұсынылды. Бұл көліктердің бағыт-бағдарын бақылайды.
Қаржы вице-министрі Қанат Баеділовтің айтуынша, жүк тасымалдаушыларға ешқандай салмақ түспейді. Пломба сырттан келетін барлық автомобильдерге емес, тек жүк көліктеріне орнатылмақ. Ал ол процес небәрі бір минут уақыт алады.
Егер жүк көлігі бағдарынан ауытқыса, пломбаны әдейі бұзса немесе алып тастаса, мемлекеттік кірістер комитеті бірден шара қабылдайды. Заң жобасында навигациялық пломбаларды қасақана бүлдіргені немесе жойғаны үшін әкімшілік жауапкершілік те қарастырылған.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ