Үкімет экономикалық өсімді қалпына келтіруге арналған жоспарды бекітті

19.05.2020

Өңдеу өнеркәсібінен бастап тау-кен, құрылыс, азаматтық авиация, логистика, туризм, шағын және орта бизнес пен қызмет көрсету саласын жандандыруы тиіс жоспар елімізді дағдарыстан шығара ала ма? Онда қандай тетіктер қарастырылған?

Карантиннің кесірінен кері кеткен экономиканы қалпына келтіру жоспарын әзірлеуді Президент тапсырған. Үкімет маңызды құжатты бүгін таныстырды. Оған сай елімізде өнеркәсіпті қолдау қоры құрылады. Онда бизнесін дамытып, қандай да бір тауар шығарамын деген кәсіпкерлерге 3 процентпен несие беріледі. Отандық тауар өндірушілерді жарылқауы тиіс бағдарлама импортқа тәуелділікті азайтып, керісінше экспортты арттырмақ. 

Экспорт демекші, ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқа тасымалдауға қойылған шектеу 1 маусымнан бастап алынады. Бұған карантинге байланысты тыйым салынып келген еді.  

Кешенді жоспар қазір ауадай қажет. Бұл елімізді қаржылық қиындықтан шығарып қана қоймай, кез-келген дағдарысқа дайындайды. Өйткені сарапшылар биыл әлемдік экономика 4%-ға, ал жаһандық сауда – 32%-ға қысқарады дейді. Бұл онсыз да шатқаяқтаған экономиканы шайқалтып жіберуі мүмкін. Сол үшін Премьер-Министр жоспарды тезірек іске асыруды тапсырды.  

Досжан МАРАТҰЛЫ 


Хабарламаларға жазылу