«Астана» қаржы орталығы ресейлік компанияларға таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана» қаржы орталығы ресейлік компанияларға таныстырылды

25.10.2018

«Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысу – ресейлік компаниялар үшін тиімді. Сондықтан, еліміз көрші мемлекеттегі бизнес қауымдастық өкілдерін орталыққа көптеп тартқалы отыр. Бұл туралы Мәскеу қаласында өткен конференция кезінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов мәлімдеді. Жиында еліміздегі қаржы орталығының ресейлік компаниялар үшін қандай мүмкіндік беретіні жан-жақты таныстырылды. Қайрат Келімбетовтың айтуынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы Ресейдің ірі компаниялары еліміздегі жекешелендіру бағдарламасына қатыса алса, орта деңгейдегі кәсіпорындар, керісінше, Орта Азиядан немесе Қытайдан өздеріне қаржы тарта алады. Оның үстіне, «Астана» қаржы орталығының жұмысы әлемдегі үздік биржалардың талаптарына сәйкес келеді. Сондықтан, келешекте еліміз бұл нысанды Еуразия аймағының басты қаржылық хабына айналдыруды көздеп отыр. 

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

- Ресей Федерациясымен тікелей жұмыс істеу туралы арнайы кампания өткізіп жатырмыз. Негізгі мақсатымыз - ресейлік компанияларды біздің қорға тарту. Мысалы, ресейлік шағын және орта бизнес өкілдері Мәскеу қор биржасына қызықсыз болуы мүмкін. Ал, біздің өзіміздің бағытымыз бар. Сондай компанияларды өзімізге шақыру мүмкіндігі бар.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу