Түркістан облысы Төлеби ауданында нөсердің кесірінен Қасқасу тасып, 76 үйді, 250 ауланы су басты. Облыстық әкімдіктің бүгін таратқан хабарламасы бойынша, қазіргі есепке сәйкес, қалпына келтірілетін 30 үй анықталған. Су шайып кеткен 4 көпірді қайта салады, құны 83 млн-дай теңге. Ал сенбіде Төлеби ауданында 3 көпір қалпына келтірілді, тағы біреуі осы күндері жөнделеді, жөнделді деген көпірлермен автокөлік жүргізуге қауіп жоқ деп хабарлаған әкімдік өкілдері. Электр энергиясы мен табиғи газ қалыпты беріліп жатқанын қосқан.
Аптаның ортасында жойқын нөсердің кесірінен облыстың бірнеше – Төлеби, Қазығұрт, Сайрам, Бәйдібек аудандарының ондаған ауылында су тасқыны болып, елдің әбігерге түскені мәлім. Әбігер дейміз-ау, кейбір адамдардың өміріне қауіп төнген.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ