Нөсер жауыннан үйлері бүлінген тұрғындардың шығынын арнайы комиссия анықтайды. Су шайған аумақтар секторларға бөлінген. Оған көршілес аудан басшылары жауапты. Бүгін Төлеби ауданына көмек жинау үшін Түркістан әлеуметтік қоры арнайы есепшот ашты.
Таулы жердің ерекшелігі сол, сумаңдаған сел сай саланы қуалап, жым- жылас болады. Тек жүріп өткен жолындағы бар қоқысты сайдағы үйдің шарбағына үйіп кететіні болмаса...
Ал бұл Көкібел ауылы. Қазығұрт пен Қаржан таудың ортасында, Жылыбұлақсай, Қызылатасай жылғаларының Келес өзеніне құяр тұсында орналасқан. Ауылдың төбесінде тоған бар. Нөсер болған күні сол тоғанның суы бір сағатта 6 метрге дейін көтеріліп, етектегі елді көшіруге тура келген.
Қазығұрт ауданында жауын шашыннан Жігерген ауылы да зәбір көрді. Онда 3 үйге, 32 аулаға су кірген. 2 қора құлап, ұсақ малдың үшеуі шығын болды. Қазіргі таңда 60 адам сел салдарымен күресіп жатыр.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ