Түркістан облысында 5 ауданды су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 5 ауданды су басты

14.05.2020

Төле би ауданынан бөлек, тағы төрт ауданның тұрғындары тасқын сумен алысып жатыр. Көшелер көлге айналып, адамдардың үйлеріне беттеуі мүмкін болмай тұр. Әлекке түскен жұрттың қарбаласы түсірілген видеолар әлеуметтік желілерді шарлап кетті.

Төпелеп жауған жаңбыр төңіректі астан-кестен етті. Қазығұрт ауданында қазір қарбалас. 6 үйдің ауласы мен емхана аумағын су басты.

Нөсер Бәйдібек ауданын да әлекке түсірді. Ондағы Тұрақты арнасынан тасыған су 3 елді мекенді есеңгіретті. 13 аула тасқынның астында қалды.

Жығылғанға жұдырық. Ордабасы мен Сайрам ауданы тұрғындары да тасқын сумен алысып жатыр. Бадам өзеніндегі қорғаныс бөгеті бұзылды. Арыс-Шымкент арасындағы көпір су астында қалғандықтан, қатынас үзілген.

Құзырлы органдардың тасқын суға тосқауыл болуға барын салғаны байқалады. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.

Нысаналы ЫҒЫЛ


Хабарламаларға жазылу