Еуропа елдері жазғы туристік маусымда шекараларын ашуды көздеп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа елдері жазғы туристік маусымда шекараларын ашуды көздеп отыр

14.05.2020
Еуропа елдері жазғы туристік маусымда шекараларын ашуды көздеп отыр

Еурокомиссия одақтас елдер үшін туристік маусымда тығырықтан шығудың жолын ұсынды. Жыл сайын туризмнен 200 млрд еуроға жуық пайда табатын Еуропа елдерінің экономикасы үшін коронавирус пандемиясы ауыр соққы болып тиді.

«Алдағы бірнеше туристік айлар Еуропа елдерінің уысынан шығып кетпеуі тиіс. Себебі туризм одақтағы көптеген мемлекеттердің негізгі табыс көзі»,- делінген Брюсселдің ресми хабарламасында.

Еурокомиссия ұсынысы бойынша Еуропа елдері жазда вирус індеті бәсеңдеген бірнеше туристік орталықтарды ашуы тиіс. Мысалы, Германияның вирус таралуы тоқтаған бір аймағы басқа елдердегі дәл осындай эпидемиологиялық жағдайға қол жеткізген аймаққа жол ашуы керек.

Еуроодақ басшылығының бұл ұсынысын алғашқы болып Грекия билігі қолдап отыр. Олар 1 шілдеден бастап барлық туристер елге арнайы тест тапсыру арқылы індет жоқ екенін дәлелдейтін құжаттармен келе алатын жағдай жасауды жоспарлауда.

Сонымен қатар, көптеген Еуропа елдері Еурокомиссия көмегінсіз, тек өзара келісім арқылы шекараларын ашуда. Мәселен, Балтық жағалауындағы Литва, Латвия, Эстония мемлекеттері 15 мамырдан бастап бір-біріне толықтай ашық болады. Ал Чехия маусымның басында көршілес жатқан Польша, Словакия, Австрия және Германиямен жолдарды ашуға үміттеніп отыр.

Жақында Еурпа Одағынан шыққан Ұлыбританияның пандемия кезінде де шекарасы ашық болды. Алайда мамыр соңына қарай ел билгі Франция мен Ирландиядан басқа мемлекеттерден келген азаматтар үшін екі апталық карантинді міндеттеуді көздеп отыр. Еурокомиссия британдықтардың бұл ойын қатты сынға алып, дискриминацияға жол беруге болмайды деп отыр. Олардың айтуынша, барлық елге жағдай бірдей болуы тиіс.


ВВС

Хабарламаларға жазылу