«5-10-20» мемлекеттік бағдарламасының нақты шарттары қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«5-10-20» мемлекеттік бағдарламасының нақты шарттары қандай?

13.05.2020

«5-10-20» мемлекеттік бағдарламасына жан басына шаққандағы табысы 90 мыңнан аспайтын отбасылар ғана қатысады. Бұл туралы жобаға жауапты индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері айтты. Басты талаптардың тағы бірі – үйден үміттілер ТҮҚЖБ-нің салымшысы болуы міндетті. Себебі бағдарлама осы банк арқылы жүзеге аспақ.

Қалада – әр адымың ақша. 90 мың теңге түкке жетпейді. Ал шайлықтан аспайтын айлықтан ақша жинап, банкке салу мүмкін емес. Осыны айтқан мамандар, жаңа бағдарламаға күмәнмен қарайды.

Қазір, үй кезегінде 540 мыңнан астам адам тұр. Бәрі үйден үмітті. Айтпақшы, баспанаға берілетін несиенің сомасы әр өңірде әртүрлі болады. Ірі қалаларда 18 миллион, кей облыстарда 15 миллион, тағы бірінде12 миллион теңгеден аспайды. Ал пәтердің шаршы метрі 160-240 мың теңге аралығында бағаланып отыр.

5-10-20-ның жалпы шарттары мен ережелері әлі де пысықталмақ. Бағдарлама биыл іске қосылады. Жаңа жобаны жүзеге асыруға 390 миллиард теңге бөлінбек.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу