Қазақстанда Жоғары оқу орындарына құжат тапсыру тәртібі электронды форматқа ауысады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. Оның сөзінше, мұндай шара қаржы мен уақытты үнемдейді. Ауыл-аймақта тұратындардың үлкен қалаларға келуінің қажеті де болмайды. Айталық, елдегі мектеп түлектері колледж бен университеттерге құжат тапсырар кезде жылына 1 миллиард теңге қаржы жұмсайды екен. Оқуға түсердегі жаңашылдықтар маусым айынан басталады. Қабылдау комиссиясы талапкерге конкурстың мерзімі және арнайы емтихан туралы хабарлама жіберіп отырады. Министрдің айтуынша, университетке қабылданған студенттер жатақхана алу үшін құжат тапсырып әуре болмайды. Барлығы электронды үкімет порталы арқылы шешіледі.
Фариза ҚАЛИМУЛДИНА