Мұғалімдер қағазбастылықтан арылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұғалімдер қағазбастылықтан арылады

11.05.2020

Мұғалімдер басы артық есептен құтылды. Ұстаздар қауымының бұл проблемасын түбегейлі шешетін бұйрық мамыр айынан бастап күшіне енді. Министрлік нақты тізімді бекітті. Сонымен пән мұғалімі күнделікті екі құжат қана толтыруға міндетті. Сынып журналы мен сабақ жоспары. Оқу жылының басында күнтізбелік-тақырыптық жоспарды дайындап, әр тоқсан соңында критериалдық бағалау бойынша құжаттарды толтырады. Қалған құжаттың еш қажеті жоқ. Ал егер мұғалім жас маманның тәлімгері болғаны үшін 17 мың теңгедей үстемеақы алатын болса, жас әріптесімен бірлесіп атқарған жұмысы бойынша әдістемелік құжат толтырады. Егер мұғалім сынып жетекшісі болса, тәрбие жұмысының жоспарын жасайды. Өткізілген ата-аналар жиналысы бойынша электрондық форматта хаттама толтырады, оқушылардың табельдері мен жеке істерін жаңартып отырады.

Колледж педагогтері мен Жоғары оқу орындарының оқытушылары да қажетсіз қағаздан арылады. Қазір министрлікте құжаттар тізімі қайта қаралып жатыр. Басым бөлігін алып тастау туралы шешім қабылданды. Бұйрыққа бағынбай артық есепті талап еткендер айыппұл арқалайды.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу