Коронавирусқа қарсы ем ламалардың ағзасында болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирусқа қарсы ем ламалардың ағзасында болуы мүмкін

11.05.2020
Коронавирусқа қарсы ем ламалардың ағзасында болуы мүмкін

Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдеріндегі вирусолог мамандар коронавирус індетіне қарсы вакцина іздеуде. Ғалымдардың болжамы бойынша COVID-19 вирусына қарсы антиденелер лама жануарының қанында болуы мүмкін.

Ламалардың қанындағы антиденелердің түрлі вирустық ауруларға қарсы әрекетін 2016 жылы америкалық Нотр-Дам университетінің түлегі Дэниел Репп зерттей бастаған болатын. Ол жануар қанындағы иммундық денелердің SARS-CoV және MERS-CoV коронавирус түрлеріне қалай әсер ететініне көз жеткізгісі келген.

Дэниел Репп бастаған ғалымдар Винтер есімді ламаға зерттеулер жүргізген. Алты апта бойы жануарға егілген SARS-CoV және MERS-CoV вирустарының залалсыздандырылған ақуыздарына оның ағзасы қалай әсер ететінін байқаған. Нәтижесінде ғалымдар ламаның ағзасындағы вирусқа қарсы тұрып, күшін жойған антиденелерді анықтады.

Ғалымдар түйетұқымдас жануарлардың ағзасында вирустық ауруларға қарсы тұратын екі түрлі антидене бар екенін айтады. Бірі адам ағзасындағы антиденелерге ұқсас болса, екінші одан әлдеқайда аз бөлшектерден құралған наноденелер. Зерттеушілер Винтер әлі күнге дейін тірі және өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дейді.

Дэниел Репптің айтуынша, қазіргі таңда бұл ғылыми жаңалық негізінде жасалған препараттар басқа да жануарларға тексерілуде. Ал вирусқа қарсы вакцина алдағы бір жыл ішінде жасалуы мүмкін.

BBC 


Хабарламаларға жазылу