Солтүстік Қазақстан облысында бір айдың ішінде 400-ден астам дала өрті болған. Жергілікті шаруашылықтар алқаптарын сабаннан тазартамыз деп от жағып, кейін қызыл жалынға ие бола алмай қалған. Соның салдарынан 560 гектар аумақ отқа оранып, елді мекендерге дейін жеткен. Мәселен, сәуірдің 21-і күні Золтоя Нива ауылындағы 3 үй өртеніп кетті. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары егістік алқаптарына от қоятындарды анықтау мақсатында арнайы рейд ұйымдастыруда.
Атырауда да теңіз жағалауы маңында қамыс өртеніп жатыр. Қазыл жалын 17 гектар аумақты шарпыған. Мамандар, әзірге өртті сөндіру мүмкін емес деп отыр. Өйткені, арнайы техника мен жеке құрам үшін өрт ошағына апаратын жол жоқ. Төтенше жағдайлар департаменті өрттен қалаға қауіп жоқ екенін айтады.
Сағындық СӘБИТ