Түрістан облысына әр өңірден гумантарлық көмек жөнелтілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түрістан облысына әр өңірден гумантарлық көмек жөнелтілуде

06.05.2020

Ел халқы Мақтааралмен бірге! Апат аймағына күн сайын әр өңірден тонналап гуманитарлық көмек жөнелтілуде. Су басқан ауыл тұрғындарына ең бірінші кезекте азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар жеткізіліп жатыр.

Түркістан облысындағы төтенше жағдай Сыр жұртын да бей-жай қалдырмады. «Ауылы аралас, қойы қоралас» көршілес өңірге 15 тонна азық-түлік, көрпе-төсек, басқа да қажетті заттар тиелген көш жолға шықты. Сондай-ақ, белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов бастаған 30-ға жуық волонтер апат аймағындағы тұрғындарға қол көмегін беруге Мақтааралға аттанды.

Қарағандылық волонтерлар да игі іске жұмылып, оңтүстіктегі ағайынға 2 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен небәрі үш күн ішінде жиналған.

Шымкенттегі құс фабрикасы да Мақтаралға қол ұшын созып, игі іске атсалысуды ұйғарды. Ұжым мүшелері бірауыздан бастаманы қолдап, бір күндік жалақысын аудармақ. Кәсіпорынның 350 жұмысшысы еңбекақы есебінен апат аймағына 70 мың дана жұмыртқа жөнелтпек. Оның алғашқы легі бүгін жіберілді.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу