Қазақ-Қытай байланысы жанданады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-Қытай байланысы жанданады

07.09.2018

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 10 миллиард АҚШ долларына жетті. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қытай елінен қазақ жеріне тікелей келген инвестиция көлемі 15 миллиард доллардан асты. Астанада басталған Қазақ-Қытай бизнес форумында осы мәселелер жан-жақты талқыланды. Қос ел алыс-берісті арттыру мақсатында келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ, Қазақстан тарапы Қытай компанияларын еліміздегі цифрландыру саласын бірлесіп дамытуға шақырды.

Бақытжан Омар, тілші:

- Қазақ-Қытай бизнес форумы «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 5 жылдығына орай ұйымдастырылды. Қытай елі бұл маңызды басқосуға тыңғылықты дайындалған. Қытайдан 150 компания мен бизнесмен келіп, қазақстандық әріптестерімен әріптестік орнатуға ниет білдірді.

Бизнесмендердің басқосуы қос ел президентінің алғысөзінен басталды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин екі жақтың іскер топтарына жиынның сәтті өтуін тілеп, шекаралас елдер арасындағы байланыстың маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшылары әсіресе, алыс-берісті арттыруға ерекше көңіл бөлді. Қазақстан мен Қытайдың бұл салада байланысы берік. Дегенмен, тұралап қалмай, көрсеткіштерді еселеу қажет. Өйткені, оған толық мүмкіндік бар. Қазақстандағы «Қорғас» құрғақ порты, Ақтау порты, Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолы, Батыс Еуропа-Батыс Қытай xалықаралық дәлізі екі елге тиімді. Қазір Қытайдың жүктері еліміз арқылы Еуропаға шамамен 15 күннің ішінде жеткізіледі. Ал теңіз жолымен оған 4-6 апта кететін.

Ерлан Қайыров, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің комитет төрағасы:

Біз қытайлық әріптестерімізбен транзитті дамыту жөнінен тығыз жұмыс істеп келеміз. Қазақстан Қытай тауарларын өз жері арқылы Еуропаға тасымалдауды қалайды. Бұдан бөлек, индустриалды инновациялық  51 жобамыз бар. Олардың жалпы құны- 27,7 миллиард доллар.  Қытайлық инвесторлар бізге тиімді машина құрылысы, құрылыс материалдары, химия, металлургия сияқты салаларға қаржысын құйса өте жақсы болатын еді.

Қазақстан Орталық Азияда бизнесті жүргізу жағынан көш басында тұр. Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының инвестициялар комитетіне мүше. Инвесторлардың құқықтары толығымен қорғалатын Астана қаржы орталығы да шетелдік қаржыгерлер де кепіл бере алады. Сондықтан болар әлемнің ең ірі нарықтарының бірі саналатын елден ірі компаниялар қазақстандық инвестициялық климатын жақсартуға үлес қосуға ниетті.

Чен Шибо, қытайлық компанияның өкілі:

Қазақстан - инвесторларға қолайлы жағдай жасайтын бірден-бір мемлекет. Географиялық орналасуы өте ыңғайлы. Біз Қазақ елінің Қытайға жасайтын экспортын арттыруға ниеттіміз. Өйткені, сіздерде экологиялық таза өнімдер жетерлік. Мысалы, ұн, май сұйықтығы және кондитерлік өнімдер. Қытайға ет апаруға әрекет жасадық. Инспекция тексеріп, әзірге 5  қазақстандық компанияға рұқсат берді. 

Енді бір айдан кейін Қытайдың Сиань қаласына Қазақ елінен ауқымды делегация барып, іскерлік келіссөздер жүргізеді. Отандық кәсіпорындарымыз бірігіп осы қалада Қазақстанның сауда үйін ашады. Әзірге мұндай 25 компаниямыз тіркелген.  5 мың шаршы метр жерде  ет, бидай, тәтті сияқты қазақстандық өнімдер сатылады. Бұл қадам қос елдің бизнес байланысына серпін беретініне екі жақ сеніммен қарайды.

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу