Ақтауда жаңа туған егіз нәрестелердің біреуінен індет анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда жаңа туған егіз нәрестелердің біреуінен індет анықталды

05.05.2020

Ал Ақтауда 2 айлық нәрестеден Covid-19 инфекциясы анықталды. Сәби егіздің сыңары екен. Екінші нәрестенің дені сау. Олар анасымен бірге кеше Ресейден келген. Көрші елден Ақтауға барлығы 93 адам жеткізілген. Жолаушылар бірден обсервациялық стационарға жатқызылып, сынама алынды. Нәтижесінде 20 жастағы студенттен де ауру анықталды. Бұдан бөлек, бүгін Бейнеу ауданында қауіпті індетті жұқтырған 8 адам тіркелді. Олардың барлығы «ТеңізШевройл» мекемесінің жұмысшылары.

Ал Семейде тұрғындарға тапсырыс бойынша азық-түлік тасып жүрген такси жүргізушісі індетке шалдықты. Қазір оның қанша адаммен байланыста болғаны нақтыланып жатыр. Ал мамандар таксиге отырғанда немесе курьерге тапсырыс бергенде міндетті түрде тесттен өткендігі жайлы анықтама талап еткен жөн дейді. Соңғы күндері Семейде індетке шалдыққандардың саны күрт өскен. Облыста 30 науқас тіркелсе, оның 20-ы қаладан. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қалаға арнайы комиссия жіберілді.

Аягөз ОРАЛБАЙ


Хабарламаларға жазылу