Мақтаарал ауданының 7 елді мекенін су басу қаупі әлі жоғары - Шөкеев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтаарал ауданының 7 елді мекенін су басу қаупі әлі жоғары - Шөкеев

05.05.2020
Мақтаарал ауданының 7 елді мекенін су басу қаупі әлі жоғары - Шөкеев

Мақтаарал ауданының 7 елді мекенін су басу қаупі әлі жоғары. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты.

«2020 жылдың 1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, секундына 120 текше метрлік су өткізу қауқары бар Орталық Бетпақдала коллекторынан секундына 180 текше метр су ақты. Соның салдарынан Мақтаарал ауданының елді мекендеріне су келіп, төтенше жағдай орын алды. Бүгінгі таңда 31 606 тұрғын 14 елді мекеннен эвакуацияланды. Оның ішінде 6 127 тұрғыны бар 5 елді мекенді су толығымен басты. Бұл - Жеңіс, Жаңа Тұрмыс, Фердоуиси, Өрге бас және Достық елді мекендері», - деді облыс басшысы. 

Оның дерегінше, 7 елді мекенде су басу қаупі әлі жоғары. Ал екі елді мекенде Мырзакент және Ақ жол мекендерінде қауіп сейілді. Тұрғындар үйлеріне қайтты. Әсіресе 15 мың халқы бар Мырзакент елді мекеніне су жібермеу амалдары қарқынды жасалды. 

«Шұғыл түрде 2 мамырда Мақтаарал ауданында жергілікті ауқымдағы сипатты төтенше жағдай жарияланды. Жедел штаб құрылды. Апаттық құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 986 адам, 190 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар Қызызорда, Жамбыл облыстары мен Шмкент қаласынан 30 мотопомпа жеткізілді. Мұнан бөлек, Ұлттық ұланның әскери бөлімінен 413 әскери қызметші мен 37 техника тартылды. Қосымша Алматыдағы Ұлттық ұланның құтқару батольонынан 320 әскери қызметкер, 26 техника келуде», - деді ол. 

Облыс басшысының айтуынша, Атакент кенті мен Мақтаарал, Жамбыл ауылдық округтерінде мектептердің базасында 14 қабылдау-эвакуациялық пунктер ұйымдастырылды. 

«Қазіргі таңда 3 200 адам орналастырылды. Қалғандары туған-туыстарының үйлерінде. Қабылдау-эвакуациялық пункттері қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қазіргі карантиндік жағдайды ескере отырып, 120 медицина қызметкері көмек көрсетуде», - деді Ө.Шөкеев.


Хабарламаларға жазылу