Президент М.Әшімбаевты Сенат құрамына таныстырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент М.Әшімбаевты Сенат құрамына таныстырды

04.05.2020

Мәулен Әшімбаев Сенат төрағасы. Бүгін жоғарғы палата депутаттары жасырын дауыс беру арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады. Президент Сенатқа жаңа төрағаны таныстыра отырып, қазіргі қиын шақта заң шығарушы органның алдында үлкен міндет тұрғанын айтты. Президент елді алаңдатқан өзекті мәселелер бойынша да мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы үшін бұл мінберден сөйлеу таңсық емес. 11 жылдай Сенат төрағасы болған кезде осы мінберден талай маңызды мәлімдемелер жасаған. Бұл жолы Сенатқа жаңа төрағаны таныстырды. Осы уақытқа дейін Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болған Мәулен Сағатханұлына үлкен сенім артылып отыр.

Ал былтырдан бері жоғары палатаның төрағасы болған Дариға Назарбаеваның қызметіне Мемлекет басшысы ризашылығын білдірді.

Президент депуататтар алдында қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді қозғады. Коронавирус тұтас жаханның тұрмысын тұралатып тастады. Біздің елдің де экономикасына кері әсерін тигізіп жатыр. 11 мамырға дейін атқарушы билік әрмен қарай дамудың арнайы құжатын әзірлеуі тиіс. Ал жағдай қалыпты болса, төтенше жағдай тәртібі аяқталатын күн де алыс емес.

Пандемия елдің біраз кемшін тұстарды ашып берді. Енді бұл жағдайдан сабақ алып, өзгерістер енгізуді кешіктірмеу керек. Реформа ең әуелі медицина мен білім беру саласында жасалмақ.

Мәулен Әшімбаев Сенаттың жетінші төрағасы. Биліктің барлық сатысынан өтіп, ысылған саясаткер. Әрі жоғары палатаны бұған дейін басқарған спикерлерден әлдеқайда жас.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу