Қашықтан оқытудың болашағы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қашықтан оқытудың болашағы қандай?

03.05.2020

Сонымен қашықтықтан оқыту мың сан сынға қарамай, шындыққа айналды. Және ең маңыздысы, бұл енді маңызды методика екенін ұғатын уақыт. Себебі әлемде қашықтықтан білім алу тенденциясы басталғалы қашан. Ал вирус таралуының екінші толқыны болса, алдағы күзде үйде оқу қайта жалғасады.  

Иә, пандемия көп нәрсені жалаңаштап берді. Оның ішінде білім саласының жараларын. Бірақ ашуланып, немесе ренжіп отыруға да уақыт жоқ. Жүктемесі артқан мұғалімдердің де уақыты шамалы. Дегенмен айту керек – өз ісінің шеберлерінің екінші тынысы ашылды. Білікті ғана емес, дәл жанында отырмаса да оқушыны еліктіре алатын, еліктіру сырларын білетін, баланың көзін көрмесе де, олардың көкірек көзін ұйықтатпайтын ұстаздардың жарқырай көрінетін сәті.

Әлемдегі танымал онлайн мұғалім Салман Хан сияқты болу міндет емес, әрине. Дегенмен түрлі платформаларды меңгеріп, қандай әдіс-тәсіл бар, зерттеп, ақырындап пайдаланып көрсе, жүректі лүпілдетер нәтиже шығары хақ. Мұның екінші қыры – қазір виртуалды мұғалімдер жақсы табыс табады. Әлемнің демей-ақ қоялық, еліміздің түкпір-түкпіріндегі балаларға мұғалім болу біздің уақытта қиял емес.

Мақсат қандай? Алған мәлімет, ақпараттарды синтездей алатын, ғылыми дисциплиналардың байланысын түсінетін тәлім беру, ең басты мақсат осы шығар. Бұл қашықтықтан оқыту ғана емес, жалпы білім берудің басты постулаты. Қазір тіпті өткір. Себебі механикалық түрде қайталау – бұл өткен шақ. Оның берері жоғын бәріміз білеміз. Интернеті жоқ, немесе байланыс нашар ауылдарға байланысты мәселе бөлек.

Данияр ҚАЙЫРТАЙ  


Хабарламаларға жазылу