Түркістан облысында 4 ауылды су басып, 7 мың адам эвакуацияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 4 ауылды су басып, 7 мың адам эвакуацияланды

03.05.2020

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Facebook–те өткен тікелей эфир кезінде «Өзбекстан біздің жаққа бір тамшы да су кетпейді деп сендіріп баққан, алайда су Мақтаарал ауданына әлі келіп жатыр» деп жазды.

620 үй су астында қалған. Дәп қазір өтемақы туралы айта алмайтындарын, себебін шығынды бағалау үшін су басқан аумақтарға бара алмай отырғандарымен түсіндірген. Дегенмен тек егін бойынша шығын алдын-ала болжам бойынша 400 млн теңгеден асады деген.

 Ал бүгін Өргебас елді-мекенін су басқан. Онда 194 үй бар екен. 1451 тұрғыны түгел көшірілген.

 Сонымен Мақтаарал ауданында 4 кентті су басып, 7 мың адамның эвакуацияланғаны хабарланды. Мамырдың бірінде Өзбекстандағы Сардоба су қоймасындағы бөгеттердің бірі жарылып, тасыған су біздің Түркістан облысының аумағына өткені, бірінше кезекте Жеңіс, Жаңа Тұрмыс ауылдарын су басқаны мәлім. Айта кеткен жөн -су қоймасының сыйымдылығы – 922 млн текше метр, биіктігі – 28,8 метр.

Онсыз да елімізде төтенше жағдай. Мақтаарал жұрты үшін тіпті қиын, ауыр екені түсінікті. Оның үстіне көршілес Жетісай ауданы COVID-19 инфекциясының облыстағы бірден бір ошағы болып табылатындықтан, көпшілікті қазіргі таңда осы сауал алаңдатады. Атқарушы биліктің жауабын қысқа қайырсақ, эвакуацияланған халықты індеттен сақтау бойынша барлық шара қолға алынды, деп мәлімдеді.

Түркістан облысының әкімдігі мынадай ақпарат таратты: Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқынына орай жарияланған төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік желілерде Мақтаарал тұрғындарына көмек көрсету бойынша жалған қорлар құрылып, қаржы жинау әрекеттері шықты. Бұл фактілермен Ішкі істер департаменті айналысып жатыр. Қиын жағдайға ұшыраған мақтааралдықтарға қолдау білдіруші қайырымды азаматтар үшін мынадай қордың жұмыс істейтіндігін хабарлаймыз.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу