Өзбекстан Республикасының Сырдария облысында орналасқан «Сардоба» су қоймасының дамбасының бұзылуына байланысты Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Жеңіс, Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кетті. Облыстық маңызы бар «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» авомобиль жолын су басып, көлік жүре алмауда. Облыстағы 4 елді мекеннен 5400 адам эвакуацияланды. Олардың жартысы туған-туыстарына жайғастырылса, қалғандары Атамекент елді мекеніндегі мектептерге орналастырылды.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар комитетінде шұғыл штаб құрылды. Жағдайды бақылауда ұстау үшін оқиға орнына Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мен Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов және Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі аттанды.
Қазіргі уақытта Нұрлы жол, Фердоуси, Жантақсай, Жайлыбай елдімекендері тұрғындарын эвакуациялау мәселесі қарастырылып жатыр.