Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан шыққан зиянды қалдық тұрғындарға қауіп төндіруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан шыққан зиянды қалдық тұрғындарға қауіп төндіруде

30.04.2020

Ақтөбе ферроқорытпа зауытынан шыққан 100 мың тонна зиянды қалдық қоршаған орта мен тұрғындар денсаулығына үлкен қауіп төндіріп тұр. Өңір экологтары осылай деп дабыл қағуда. Ал жауапты мекемелер әзірге әрекетсіз отыр. Улы өндірістік қалдықтар желмен ауаға ұшып, жер асты суларын да ластап жатыр.

Өңір экологтары мұндай зиянды қалдықтардың бірнеше жерге төгілгенін анықтап отыр. Сорақысы – оның бір бөлігі құрылыс материалы ретінде қолданылып кеткен. Экология департаментінің мамандары бұл жағдайға Ақтөбе ферроқорытпа зауыты кінәлі деп есептейді. Қазір кәсіпорыннан шыққан қалдықтарды қайта өңдеуі тиіс компаниялардың жұмысының заңдылығы да тексеріліп жатыр.

Өндірістік калдықтарды өңдеуі тиіс «Сайлан Ақтөбе» деген компанияға қатысты «жерді бүлдіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жазбаша жауап берген Облыстық полиция департаменті басқа мәліметтер «тергеу құпиялығына» байланысты жария етілмейтінін айтты. Ал экологтар төтенше жағдай мерзімі біткен бойда құзырлы орындармен бірлесіп ферроқорытпа зауытына қатысты мәселені мықтап қолға алмақ.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу