Ардагерлердің жәрдемақысы өсті

30.04.2020
Ардагерлердің жәрдемақысы өсті

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Ардагерлер туралы» заң қабылданды.

Заң жобасының негізгі мақсаты – ардагерлерді әлеуметтік қорғауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерді жүйелеу, қайта қарау және ардагерлердің жаңа санаттарын қалыптастыру. 

«Біріншісі – ол ҰОС ардагерлері. Бұл санатқа соғысқа қатысушылар және ҰОС мүгедектері жатады. Екіншісі басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарының ардагерлеріне қатысты. Заң жобасына сәйкес, оларға Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде тәжік-ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекараларының сыртқы қорғанысын күшейтуге қатысқан, 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық жанжалды шешуге, Ирактағы бітімгершілік операцияларына қатысқан ұлттық контингенке кіретін азаматтар санаты жатады», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Үшіншісіне жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар санаты еніп отыр. Заң жобасы аясында оларға жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген азаматтардың 8 санаты және ҰОС мүгедектеріне теңестірілген азаматтардың 5 санаты кіреді. 

Төртіншіден, еңбек ардагерлері қамтылған. Олардың қатарында Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлері, Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған тұлғалар, 1941 жылдан 1945 жыл аралығында кеміне 6 ай жұмыс істеген, әскери қызмет өткерген және Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары тылдағы жанқиярлық еңбегімен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдермен марапатталған адамдар жатады.

«Сонымен қатар заң жобасында ардагерлерге қатысты әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Құқықтық мониторинг нәтижелері бойынша заң жобасында қолданыстағы заңнаманың ескірген және тәжірибелік мәні жоғалған нормалар алып тасталды», - деді министр. Бүгін жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң екі оқылымда қаралып, қабылданды. 

Оны әзірлеу қажеттілігі бірқатар заңнамалық актілерге «Ардагерлер туралы» заң жобасына сәйкес келтірумен байланысты. Негізгі жаңа өзгерістер әлеуметтік төлемдерге қатысты болып отыр. Біріншіден, басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдардың ардагерлері ретінде танылатын жаңадан қосылған әскери қызметшілерге 4,8 АЕК мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы қарастыру ескерілген. Екіншіден, «Социалистік Еңбек Ері» және «үш дәрежелі Еңбек Даңқы» ордендерінің иегерлеріне берілетін жәрдемақыны «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы үшін берілетін жәрдемақы көлемімен теңестіру қарастырылған. Үшіншіден, 1988-1989 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысқан адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін 2,13 АЕК-тен 4,8 АЕК-ке дейін арттыру ұсынылды.

Б. Нұрымбетовтың сөзіне қарағанда, бүгінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттен жеңілдіктер мен кепілдіктер алатын ардагерлеріміздің саны 169 мың болса, қосымша көзделіп отырған ардагерлермен бірге мемлекеттік қолдау шараларымен 180 мыңнан астам ардагер қамтылатын болады.

Хабарламаларға жазылу