Қалдықтарды жинап, қайта өңдейтін кәсіпорындарға қаржылай қолдау көрсетіледі. «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» көмекке мұқтаж компанияларға қалдық көлемі үшін алдын ала төлем жүргізбекші. Бұл мақсатқа 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Тендерге қатысу үшін құжаттар қабылданып жатыр.
Елімізде тұрмыстық қалдықты жинаумен және жоюмен айналысатын 400-ге жуық компания бар. Оның барлығына ортақ проблема осы. Сондықтан экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің келісімімен өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы оларға түрлі жеңілдіктер қарастырып отыр. Шығынға ұшырап, қаржысын қайда жеткізерін білмей қиналған кәсіпорындарға субсидия ретінде алдын ала төлем жүргізіледі.
Бұл барлық өңірге қатысты. Жалпы 50-ден астам кәсіпорынға көмек көрсетіледі деген жоспар бар. Ал ақшаны алған компания жылдың соңына дейін тұрмыстық қатты қалдықты полигонға шығаруға немесе кәдеге жарататын мекемеге апарып, жоюға міндетті.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ