Шағын несие - бизнес бастауы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шағын несие - бизнес бастауы

30.07.2018

Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасында шағын несие беруді көбейту көзделген. Биыл қосымша қаржы бөлініп, жалпы сомасы 62 миллиард теңгеге жетті. Бұл бағыттағы жұмыстардың Ақмола облысында қалай жүзеге асып жатқандығын «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруды бақылау бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов және «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова бағалады.

Фариза Мұсақызы, тілші:

- Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының бірі- шағын несиелендіру арқылы халықты жаппай жұмысқа орналастыру. Осы мақсатта Мемлекет басшысы қосымша 20 миллиард теңге бөлуді тапсырған еді. Соның нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда шағын несие алушылардың саны биыл 14 мыңға жетпек. Осы мүмкіндікті пайдаланғандар бүгінде жетерлік және өз ісін дөңгелетіп отыр.

Арғын Шаймерденов жылыжайды жақсы табыс көзі ретінде қолданып отыр. Үйінің ауласына бірнеше жылыжай қойған. Қазір бұл отбасылық іске айналды.

Арғын Шаймерденов, жеке кәсіпкер:

- Қияр, қызанақ өсіреміз. Алдымен қыста өсіріп көрдік. Шығымы көңілімізден шықты. Өнімдерімізді ауданға апарып саудалаймыз. Өнімге сұраныс жақсы деп айта аламын. Сондықтан, келешекте жылыжай санын көбейту жоспарда бар.

Республикалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Жұмағұлов пен  «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова бұрын несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырған өзге кәсіпкерлердің жұмысымен де танысты. Татьяна Хлубная Дамса елді мекенінде газ құю бекетін ашқан. Нысан Астана-Бурабай тасжолында орналасқандықтан, табысы мол. 

Татьяна Хлубная, жеке кәсіпкер:

- 2015 жылы жұмыспен қамтудың жол картасы жайлы естідім. Жұмыспен қамту орталығына барып, 3 миллион теңге көлемінде несиеге қол жеткіздім. Ол қаржыға арнайы жабдықтарды сатып алдым. Қазір мұнда 5 адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, Шортанды мен Жолымбетте де бекеттер аштық.

Бақытжан Жұмағұлов пен Тамара Дүйсенова «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалындағы шағын несие беру мәселелері қарастырылған жиынға да қатысты. Биыл Ақмола облысына 3 миллиард 600 млн. теңге бөлініпті. Осы уақытқа дейін оның 954 миллионы игерілген. Осы шағын несиелердің берілуі, жалпы 5 әлеуметтік бастамада айтылған Елбасы тапсырмалары «Нұр Отан» партиясының бақылауында болады. Бұл Мемлекет басшысының саяси ұйымға жүктеген міндеті.

Бақытжан Жұмағұлов, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруды бақылау бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Біздің басты мақсатымыз - Елбасы бастамаларының орындалуына бақылау жасау. Екіншісі, Мемлекет басшысы қойған мақсат-міндеттердің халыққа дер кезінде және нақты жетуін қамтамасыз ету. Үшінші, халық көтеріп жатқан, жалпы туындаған сұрақтарды Үкіметке жеткізу. Осы үш міндетті орындасақ, мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын.

Жиында жұмыстарды жетілдіру қажеттігі айтылды. Мемлекет қазынасынан қаржы бөлінген. Алайда, оны игеру деңгейі әлі көңіл қуантпайды. «Сондықтан, шаруаны ширатқан жөн»,- деді Қоғамдық кеңес мүшелері.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу