Талапкер ауылының тұрғындары шағымдарын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талапкер ауылының тұрғындары шағымдарын айтты

28.04.2020

Жеке компания келіп жерімізді алып, жолымызды жапқалы жатыр. Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылының тұрғынадары арнамызға осылай деп шағымданды. Біздің түсірілім тобы бірден елді мекенге жол тартқан.

Елорданың іргесіндегі талапкер ауылының 50 шақты үйі дәл осылай тұмшаланып қаламыз ба деп қорқып отыр. Себебі оларды сыртқы әлеммен байланыстырып отырған мына жалғыз жол жекенің меншігіне кетіп жабылып қалуы әбден мүмкін. Жоспар бойынша бұл жерге Талапкерді толығымен тұщы сумен қамтитын нысан салынбақ. Тек ол қапталындағы құрылыстардан сәл ілгері шығып, байланысқа бөгет болып тұр. 

Бекет орнап, күзет қойылса қатынас үзіледі. Себебі көшенің екінші шеті жүруге жарамсыз. Лай, батпақ. Ал қыстың күні қардың биіктігі үймен теңеседі. Сондықтан бірнеше жыл бұрын тұрғындар барын салып, бүгінгі дауға себеп болған жолды өздері салып алған.

Тоқетерін Талапкердің әкімі өзі келіп айтты. Тұрғындардың талабы толық орындалмақ.  Дегенмен, көпшіліктің көңілі әлі де күпті қалды. Телеарнаға тағы да хабарласатындарын айтты. Біз де жағдайды бақылауда ұстаймыз. 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу