Жамбыл облысында 20 әскери қызметкер вирус жұқтырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында 20 әскери қызметкер вирус жұқтырды

27.04.2020

Жамбыл облысында жұқпалы вирустың ең үлкен ошағы анықталды. Оңтүстік өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты 01/731 әскери бөліміндегі 20 әскери қызметкердің қауіпті індет жұқтырғаны белгілі болды.

Індет жұқтырғандар арасында қатардағы жауынгерлер жоқ. Өйткені қазір біз тұрған әскери бөлім тек техникалық қызмет көрсетеді. Сондықтан қауіпті дертке шалдыққандардың барлығы келісім шарт бойынша қызмет ететіндер. Қазір, коронавирус анықталған 20 әскеридің барлығы жұқпалы аурулар ауруханасында. Олармен жақын байланыста болғандар госпитальға оқшауланған. Ал 01/731 әскери бөлімінің аумағы жіті тазалаудан өтіп, толықтай карантинге жабылды. Әскерилердің қауіпті пандемияны қайдан және қалай жұқтырғаны жайында құзырлы органдар әзірге ешқандай ақпарат бермеді. Алайда, әскерилердің қауіпті індетпен күресте алдыңғы шепте жүргені белгілі. Олар аймақтағы залалсыздандыру жұмыстарына атсалысып, блок бекеттер мен қала көшелерін күзетуге тартылған. Сондай-ақ, әскери госпитальда емдеу шараларын жүргізіп жатқан мамандар бар. Ал бүгін Таразда тағы бір адамнан вирус анықталып отыр.

Айта кетейін, төтенше жағдай енгізілгелі бері Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған 105 адам анықталды. 43 адам емделіп, дәрігерлердің бақылауындағы үй карантиніне шығарылды.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу