Елімізде дала өрті өршіп тұр. Алғашқы оқиғалар еліміздің оңтүстік өңірлерінде бір ай бұрын басталса, енді солтүстік, орталық, батыс аймақтарда да жиілей түскен. Жалпы кешегі бір күннің ішінде республика бойынша 34 жағдай тіркеліп, 700 гектарға жуық жер жанып кеткен.
Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында орманды алқап өртеніп жатыр. Лапылдаған жалынды сөндіруге тікұшақтар, 13 техника мен 80-ге жуық адам жұмылдырылған. Ал Қызылордада Тұңғыш Президент саябағы жанындағы далалы алқапты кеше түнде өрт шарпыды. Өзен жағалауындағы қалың тоғай жалынға оранып, 2 гектарға жуық жасыл желек күлге айналды. Адамдар аман. Өрт маңайдағы үйлерге жетпей сөндірілді. Бүгінде мамандар оқыс жағдайдың себеп-салдарын анықтауға кірісті.
Сәуір айы аяқталмай жатып бір ғана Қарағанды облысында 19 дала өрті тіркелді. Павлодар облысында да Алғабас, Жолқұдық, Сынтас, Көктас сынды бірнеше елді мекен маңындағы далалы жерлерде өрт болған. Жалпы жыл басынан бері елімізде 547 дала өрті тіркеліп, мыңдаған гектар алқап жанып кеткен.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ