Біз қартайғанда зейнетін көреміз деп үміт артып отырған қаржының жайы қандай? Құнын жоғалтып, құрып кетпес үшін оны мемлекет түрлі салаға инвестиция етіп құяды. Уақыт өте үстемесімен қайтарып алуы тиіс. Бірақ, жыл басынан бергі жағдай көңіл көншітпейді. Барлық жинақтың үстіне 2,14 пайыз кіріс кірсе де, әлеуметтік маңызды тауарлар 2,2 пайызға қымбаттапты. Яғни, біздің жиған-терген ақшамыз құнсызданды деген сөз. Себебі не? Шешімі қандай?
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
- «Зейнетақы қорына жиналған ақшаға ешкім тиіспесін. Ол халықтың ақшасы». Қазір осы пікір көп айталады. Ал, шынында қалай? Мынау сіздің қорға ай сайын түсетін ақшаңыз делік. Осыдан 10 жыл бұрын бұған 1 айлық азығымызды алатын едік. Қазір осы мың теңгеге 1 себетті әрең толтырамыз. Ал, біз зейнет жасына жеткен кезде бұл ақшаға не келер екен? Яғни, уақыт өткен сайын теңге құнсызданады. Ал, мемлекет осы халықтың ақшасына инфляцияны жуытпаймын деп түрлі операциялар жасайды. Бұл заңдылық.
Қазіргі уақытта қордағы ақша түрлі акцияларға, шетелдік банк депозиттеріне, тағы басқа жақтарға инвестиция болып құйылады. Әлгі қордағы қаржымыздың құны түсіп кетті деуімізге де осы себеп. Депозиттерге ақша доллармен салынған. Ал, жыл басынан бері шетел валютасының құны біршама түсті. Соңғы 4 жылдағы дерек бойынша пайда инфляциядан 1,23 пайызға көп. Мамандар дәл осындай тәсілді тиімсіз әрі сенімсіз деп отыр.
Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжіліснің депутаты:
- Ең бастысы, кепілдік. Салынған қаражатты, жіберілген қаражаттың өзіндік түсімімен қайтарылымында. Міне, осыны қамтамасыз етсек, бәрі халықтың ақшасы.
Кепілінен қарағанда күмәні басым бағыттарға салғанша, бұл ақшаға өзіміздің кәсіпкерлерді қаржыландырған тиімді. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін түрлі банктен қаржы тартып, еселеп қайтарғаннан гөрі, қордағы қаржының құнын сақтай отырып, қарапайым халыққа игілігін көрсеткен дұрыс. Экономика ғылымдарының докторы Бауыржан Исабеков осындай пікірімен бөлісті.
Бауыржан Исабеков, экономика ғылымдарының докторы:
- Кәсіпкерлерге белгілі бір тиімді пайызбен несие қылып берген өте дұрыс деп ойлаймын. Бірінші, халыққа жұмыс табылады. Жұмысбастылық сұрағы шешіледі. Яғни, халық жалақы алады. Жалақы алғаннан кейін айналымға ақша түседі.
Айналымға түскен ақша халықтың тұрмысынан бөлек, ел экономикасына да оң әсерін бермек. «Сонда біздің қордағы қаржымызға еш қауіп төнбейді», - дейді маман.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ