Шығыс Қазақстанның шалғай ауылдарындағы студенттер онлайн оқудың бейнетін көруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанның шалғай ауылдарындағы студенттер онлайн оқудың бейнетін көруде

22.04.2020

Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай ауданындағы шалғай ауылдардағы студенттер онлайн оқудың бейнетін көріп жүр. Олар аудан орталығына жету үшін 300 шақырымдай жол жүреді. Тарбағатай ауданына қарасты Үштөбе ауылы аудан орталығынан 130 шақырымнан астам қашықта. Таулы жерде орналасқан. Сайрап жатқан тас жолы жоқ. Көлік қатынасы ауыр. Интернет пен ұялы байланыс мұнда әлі жетпеген

Аудандағы интернеті жоқ Құйған, Кызылкесік ауылдарында тұратын студенттердің де көргені осы. Ауданға келіп интернеті бар таныс пен туыстың үйін жағалайды. Сағаттап жол жүріп шығынға батқанмен қатар, карантин режимін бұзып, өздерінің де, өзгенің де денсаулығына қатер төндіруде.

Аудан әкімшілігіндегілер мәселені жылдамдатып шеше алмайтындықтарын мойындап отыр. Әзірге карантин кезінде адамдармен байланысты азайту үшін, студенттерге орталықтағы мектеп сыныптарын пайдалануға беріп жатыр

Тарбағатай ауданында еліміздің әр қаласында оқитын 1300-ден аса студент бар. Интернеті жоқ ауылда тұратындары емтихан кезінде қиын бола түсетіндігін айтып отыр. Өйткені ол кезде күнделікті онлайн байланыста болу талап етіледі.

Ержан ЖАҚЫП


Хабарламаларға жазылу